
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен «Әділет» телеарнасының «Адал Азамат» бағдарламасының түсірілім тобының қатысуымен түнгі баспасөз туры өткізілді.
Іс-шара барысында журналистер Мамандандырылған жасақтың түнгі кезекшілік кезіндегі қызметімен танысып, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың тәулік бойы атқаратын жауапты жұмысына куә болды.
Баспасөз туры аясында телеарна тілшілеріне өртке қарсы қызметтің ерекшеліктері туралы осы салада 25 жылға жуық еңбек еткен, қызмет барысында көптеген өрттер мен төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене қатысып, ерлік көрсеткен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған, сол күні соңғы кезекшілігін атқарып, зейнеткерлікке шыққан аға өрт сөндіруші Жұмағали Рахымұлы Құдайбергенов кеңінен әңгімелеп берді.
Сондай-ақ, бағдарлама тілшісі өрт сөндірушілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, арнайы жауынгерлік киім киіп, өрт сөндіруші мамандығының қыр-сырын іс жүзінде байқап көрді.