Шымкент қаласында құтқарушылар мен полиция қызметкерлері су айдындарында түнгі профилактикалық рейд ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Рейд барысында мамандар су жағалауларындағы жағдайды бақылап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексерді. Сондай-ақ тыйым салынған орындарда шомылу деректерінің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар мен тәртіп сақшылары демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, түнгі уақытта шомылудың қауіптілігі туралы ескертті.
Мұндай профилактикалық шаралар жаз мезгілінде ерекше маңызға ие. Өйткені осы кезеңде су айдындарына келушілер саны артып, қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан қайғылы жағдайлар орын алуы мүмкін.
Құтқарушылар Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, рұқсат етілмеген жерлерде шомылмауға және өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Осындай профилактикалық рейдтер шомылу маусымы аяқталғанға дейін тұрақты түрде жалғасады.