Шымкентте өрт қауіпті кезеңнің өту барысы талқыланды

Шымкентте өрт қауіпті кезеңнің өту барысы талқыланды

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 2026 жылғы өрт қауіпті маусымның өту барысы туралы брифинг өтті. Спикер ретінде Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Олжас Қырықбаев сөз сөйледі.

Брифинг барысында табиғи өрттердің алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға қызметтердің дайындығы мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Спикердің айтуынша, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б. Беркімбаев бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес, Төтенше жағдайлар департаменті орман және дала алқаптарындағы өрттердің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері Шымкент аумағында құрғақ шөп пен қоқыстың жануына байланысты 53 жағдай тіркелген. Дегенмен қабылданған күшейтілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда орман өрттері тіркелмеген. Халық арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 306 ақпараттық-профилактикалық іс-шара өткізілген. Сонымен қатар, аудан әкімдіктерімен бірлесіп құрылған 5 мобильдік топ демалыс орындары мен өрт қаупі жоғары аумақтарда 86 рейд жүргізген. Тексерулер нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 19 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 302 750 теңге айыппұл салынған.

«Жасыл белдеу» орман қорының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Аумағы 8 791 гектарды құрайтын бұл аумақта тәулік бойы өрт сөндіру бекеті, бақылау мұнарасы және арнайы посттар жұмыс істейді. Өрт сөндіру техникасы мен қажетті құрал-жабдықтар толық дайындыққа келтірілген.

Орман және дала өрттерінің таралуын болдырмау мақсатында 586 шақырым минералды жолақ жасалып, бұл табиғи өрттердің пайда болу және таралу қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар спикер мамыр айының соңында өткен «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында азаматтық қорғау қызметтерінің табиғи өрттерге дайындығы жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Брифингте сондай-ақ өрт ошақтарын ерте анықтау, жергілікті атқарушы органдардың техникалық жарақтандырылуы және рұқсатсыз қоқыс орындарының көбеюі сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Олжас Қырықбаевтың айтуынша, бұл мәселелер бұған дейін қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында қаралып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілген.

Сөз соңында Олжас Қырықбаев қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға, құрғақ шөп пен қоқысты өртемеуге, сондай-ақ табиғат аясында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырды.