Әрбір өрт сөндірушінің қызмет жолында мыңдаған дабыл болады. Бірақ олардың ішінде бір дабыл ерекше. Ол – соңғы дабыл. Шымкент қаласы ТЖД Тұран ауданының мамандандырылған жасақ қызметкерлері 20 жылдан астам ел қауіпсіздігі жолында еңбек еткен Жұмағали Рахымұлы Құдайбергеновті құрметпен зейнет демалысына шығарып салды.
Жұмағали Рахымұлы қызмет жолында көптеген өрттер мен төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысып, жоғары кәсібилігі мен батылдығын бірнеше мәрте дәлелдеді. 2019 жылы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде алғашқылардың бірі болып тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялауға қатысып, өз өміріне төнген қауіпке қарамастан өртті сөндіру жұмыстарында ерекше ерлік көрсетті. Осы ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін көптеген ведомстволық наградалар мен алғыс хаттарға ие болып, әріптестері мен халықтың зор құрметіне бөленді.
Тәжірибелі маман қызмет еткен жылдары жас қызметкерлерге тәлімгерлік етіп, өз тәжірибесі мен кәсіби білімін бөлісуден ешқашан аянған емес.
Салтанатты іс-шара барысында әріптестері Жұмағали Рахымұлын зейнеткерлікке шығуымен құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті. Іс-шараға ардагердің отбасы мүшелері де қатысып, оның ел қауіпсіздігі жолындағы ерен еңбегіне көрсетілген құрметтің куәсі болды.
Іс-шара соңында өрт сөндірушілер арасында қалыптасқан дәстүрге сәйкес «соңғы дабыл» мен «соңғы су шашу» рәсімдері өткізілді. Бұл – маманның абыройлы еңбек жолына көрсетілген ерекше құрметтің белгісі.