Қауіпсіздік жолындағы 25 жыл: құрметті демалысқа шығарып салу

Қауіпсіздік жолындағы 25 жыл: құрметті демалысқа шығарып салу

Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ұжымы азаматтық қорғау органдарында 25 жылдан астам абыройлы қызмет атқарған бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Қуаныш Қойшыбекұлы Жанысбаевты салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды.
Іс-шара барысында әріптестері сөз сөйлеп, Қуаныш Қойшыбекұлының қызмет жолындағы жетістіктерін ерекше атап өтіп, көп жылғы адал еңбегі мен кәсібіне деген жауапкершілігі үшін алғыс білдірді.
Қуаныш Жанысбаев – өз ісіне берілген, тәжірибелі әрі үлгілі өрт сөндіруші. Оның кәсіби еңбегі «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 10 жыл», «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 15 жыл», «ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» ведомстволық медальдарымен марапатталуы арқылы жоғары бағаланған. Сонымен қатар, ол өрт сөндіру-құтқару спортында да жоғары нәтижелер көрсетіп, бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.
Қызмет жолында өзін білікті, тәртіпті және жауапкершілігі жоғары маман ретінде таныта білді. Ол талай күрделі және ірі өрттерді сөндіруге қатысып, жүктелген міндеттерді әрдайым абыроймен орындады. Көпжылдық тәжірибесі мен кәсіби білімі арқылы жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, олардың қалыптасуына үлес қосты.
Әріптестері азаматтық қорғау старшинасы Қуаныш Қойшыбекұлы Жанысбаевқа мінсіз қызметі мен сала дамуына қосқан үлесі үшін ерекше құрмет көрсетіп, естелік сый-сияпат табыс етті.
Салтанатты шара соңында өрт сөндірушілер арасында қалыптасқан игі дәстүрге сай еңбек жолындағы соңғы дабыл қағылып, су шашу рәсімі өткізілді. Бұл рәсім ұзақ жылдар бойы ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек еткен әріптеске деген құрмет пен ізгі тілектің белгісі болды.