Балалық шақ пен қауіпсіздік мерекесі

Балалық шақ пен қауіпсіздік мерекесі

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ауқымды мерекелік іс-шара – Ашық есік күнін ұйымдастырды. Жарқын әрі танымдық шара балалар мен олардың ата-аналарын біріктіріп, жас қонақтарға қуанышқа толы көңіл күй, жаңа әсерлер мен құтқарушы мамандығымен танысу мүмкіндігін сыйлады.

Мерекелік бағдарлама аясында өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, заманауи құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды. Балалар өрт сөндіру көліктеріне отырып көріп, арнайы техникалардың жұмысымен танысып, өздерін нағыз құтқарушы ретінде сезінді.

Қатысушылар үшін танымдық байқаулар, викториналар, сурет салу бойынша шығармашылық жарыстар және спорттық эстафеталар өткізілді. Ең белсенді балаларға естелік сыйлықтар мен тәттілер табысталып, мерекенің әсерін одан әрі ерекше әрі есте қаларлық етті.

Іс-шара барысында жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. ТЖД қызметкерлері балаларға судағы қауіпсіздік ережелері, ашық терезелер маңындағы сақтық шаралары және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттілігі туралы түсіндірді. Сонымен қатар қатысушыларға тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.

Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру болды. Құтқарушылармен бірге балалар ағаш отырғызуға, гүлдерді суаруға және жасыл желектерді күтіп-баптауға қатысты. Мұндай бастамалар қоршаған ортаға ұқыпты қарау мен тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Мерекелік іс-шаралар қаланың өзге де алаңдарында өтті. «Фиркан Сити» және «My Kids» ойын-сауық орталықтарында, балабақшаларда балалармен кездесулер мен қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар ұйымдастырылды. «Шымкент цирк» мен «Зообақ» аумағында арнайы техника мен құрал-жабдықтардың көрмесі өткізілді.

Осындай іс-шаралар балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, құтқарушы мамандығына қызығушылықты арттыруға және жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен патриоттық сезімді тәрбиелеуге ықпал етеді.