2026 жылғы 28 мамырда еліміздің барлық өңірлерінде «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы бастау алды. Оқу-жаттығуды үйлестіру және оған жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Қостанай қаласында орналасқан. Іс-шара аясында Шымкент қаласында екі күн бойы өрт қауіпті кезеңге дайындықты пысықтауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Бүгін Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Т. Мадиевтің жетекшілігімен «Жасыл белдеу» КММ қарасты жалпы аумағы 5213 гектарды құрайтын «Қайнар бұлақ» орман шаруашылығында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты — орман-дала өрттері кезінде орман шаруашылықтары мен азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылын жетілдіру, сондай-ақ төтенше жағдайларға ден қою тетіктерін іс жүзінде пысықтау болды.
Іс-шара барысында азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының саптық байқауы ұйымдастырылып, жедел әрекет ету мүмкіндіктері тексерілді. Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде құрғақ шөп пен қатты желдің әсерінен табиғи өрттің таралу жылдамдығы бірнеше есе артады. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулар нақты қауіптің алдын алуда ерекше маңызға ие.
Жаттығу тұрғысына сәйкес, қатты жел салдарынан орман шаруашылығына шекаралас аумақта орналасқан жоғары қуатты электр желілерінің сымдары үзіліп, салдарынан өрт шыққан. Өрттің егістік алқаптарына, орман шаруашылығына және жақын маңдағы тұрғын үйлерге таралу қаупі туындады. Оқиға орнына жедел түрде күштер мен құралдар жұмылдырылып, қауіпсіздік мақсатында тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Азаматтық қорғау қызметтерінің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің нәтижесінде тілсіз жау қысқа уақыт ішінде толықтай оқшауланып, сөндірілді.
Оқу-жаттығу барысындағы барлық әрекеттер шынайы жағдайға барынша жақындатылып ұйымдастырылды. Бұл азаматтық қорғау қызметтерінің орман-дала өрттерін сөндіру кезіндегі кәсіби даярлығы мен жедел шешім қабылдау қабілетін бағалауға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, оқу-жаттығуға азаматтық қорғау қызметтерінен жалпы саны 134 маман мен 37 бірлік техника жұмылдырылды. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы ведомствоаралық үйлесімді жұмыстың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.