
Шымкент қаласында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС базасында жоспарлы оқу дабылы мен аварияларға қарсы жаттығу ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қатысты.
Оқу-жаттығу барысында кәсіпорын қызметкерлерінің ықтимал авариялық жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері пысықталып, жедел әрекет ету деңгейі тексерілді. Мұндай тәжірибелік сабақтар өндірістік нысандардағы қауіпсіздік мәдениетін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Жалпы оқу дабылы — қызметкерлердің төтенше жағдайда дұрыс әрі шұғыл әрекет ету дағдыларын жетілдіруге бағытталған практикалық дайындық. Оның негізгі мақсаты — теориялық білімді тәжірибе жүзінде бекіту, ықтимал әлсіз тұстарды анықтау және авариялық жағдайларға дайындық деңгейін бағалау.
Тұрақты түрде өткізілетін оқу-жаттығулар қызметкерлерді дүрбелеңге бой алдырмай, автоматты түрде әрекет етуге үйретеді. Сондай-ақ ұжым ішіндегі өзара іс-қимылды нығайтып, өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.