Жазғы суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары бойынша брифинг өткізілді

Жазғы суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары бойынша брифинг өткізілді

Шымкент қаласында 2026 жылғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларына арналған брифинг өтті. Іс-шара барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Руслан Орынбеков су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша баяндама жасады.

Брифинг барысында 1 маусымнан бастап қалада шомылу маусымы ресми түрде басталатыны атап өтілді. Осыған байланысты судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық және түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

Сондай-ақ республика бойынша судағы жазатайым жағдайлар тіркеліп жатқаны айтылды. Сонымен қатар, 2026 жылы Шымкент қаласының аумағында су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркелмеген.

Қала аумағында жаппай демалыс, туризм және су спортына арналған 5 ресми орын белгіленген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген.  Бұдан бөлек, шомылу маусымында шамамен 20 аквапарк пен бассейн жұмыс  жасайды.

Жыл басынан бері 101 рейд жүргізіліп, 13 мыңнан астам адам қамтылды. Профилактикалық және түсіндіру жұмыстары күн сайын жүргізілуде.  Тұрғындарға «112» қызметі арқылы ескерту SMS-хабарламалары жіберіліп, LED-экрандар мен әлеуметтік желілерде қауіпсіздік шаралары туралы бейнероликтер көрсетілуде.

Брифинг барысында судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 412 және 440-баптарына сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны еске салынды.

Шымкент қаласының ТЖД  жазғы шомылу маусымында тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға, тек рұқсат етілген орындарда шомылуға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.