
Шымкент қаласында кинологиялық есептоптардың сертификаттау сынақтары өткізілді. Оған Шымкент қаласынан, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл, Ұлытау және Қызылорда облыстарынан барлығы 11 кинологиялық есептоп қатысты.
Іс-шараның мақсаты — кинологиялық есептоптардың дайындық деңгейін тексеру, сондай-ақ сыныптық біліктілікті беру немесе растау. Сертификаттау қызметтік иттердің іздестіру-құтқару жұмыстарына жіберілуіне дайындық деңгейін айқындау үшін міндетті болып табылады.
Аттестаттау тексерісі үш кезеңнен тұрды:
I кезең — бағыну және кедергілер жолағынан өту;
II кезең — табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары;
III кезең — қираған ғимараттар мен құрылыстар үйінділері жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары.
I кезең мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің №1 базасында өтті. Құтқарушы иттер кинологтармен бірге бағыну мен ептілікке арналған жаттығуларды орындады.
II кезең «Табиғи ортада зардап шеккенді іздеу» бойынша дендрологиялық саябақта өтті.
III кезең — «Техногендік үйіндіде зардап шеккенді іздеу» тақырыбы бойынша сертификаттау сынағы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының «Ордабасы» индустриялық аймағындағы қараусыз қалған ғимаратта өткізілді. Әрбір кинологиялық есептоп 20 минут ішінде жасырылған 3 адамның ішінен 2 зардап шеккенді табуы тиіс болды. Іздеу аймағы қираған ескі ғимараттан тұрды, жалпы аумағы 750 шаршы метрді құрады.
«Зардап шеккен адам табылған жағдайда, иттер кинологқа дауыс беру арқылы белгі береді. Оқиға аумағын алдын ала анықтау мүмкін болмаған және жоғалған адамдардың іздерін табу қиын жағдайларда ит адам өкпесінен шығатын иіс арқылы іздеу жүргізеді. Барлық адамдардың тыныс алу кезінде бөлінетін иісі ұқсас болады. Іздеу иті осы иісті сезіп, адамды іздеуге бағытталады», — деді жедел-құтқару жасағы кинологиялық бөлімшесінің жетекшісі Сергей Зиновьев.
Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша белсенді әрі кәсіби дайындық көрсеткені үшін барлық қызметтік иттер сертификаттаудан өтіп, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге рұқсат алды.