Шымкент қаласындағы «Қызғалтақ сарайы» кешенінде өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. Іс-шара барысында негізгі назар сахналық қойылымдарға емес, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне аударылды. Концерттік және мәдени кешендер күн сайын жүздеген, мыңдаған адамды қабылдайды. Осыған байланысты мұндай нысандарда кез келген төтенше жағдай кезінде қызметтердің үйлесімді әрекеті, жеделдігі және нақты іс-қимыл алгоритмінің сақталуы айрықша маңызға ие. Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, іс-шара өтіп жатқан уақытта сахнада шартты өрт орын алып, оның салдарынан көрермендер залы қысқа мерзімде түтінге толды. Оқиға туралы хабар «101» нөміріне жедел түрде келіп түсті. Оқиға орнына жедел әрекет ету қызметтері дер кезінде жетіп, жедел штаб құрылды. Адамдарды эвакуациялау ұйымдастырылып, шартты өртті оқшаулау және жою бойынша іс-қимылдар пысықталды. Аталған оқу-жаттығудың мақсаты — техника мен жеке құрамның дайындығын тексерумен қатар, төтенше жағдайлар кезінде барлық қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіруді жетілдіру. Оқу-жаттығуға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, құтқарушылар, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, жедел жәрдем бригадалары және өзге де жедел қызметтер қатысты.