Қаратау ауданында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар күшейтілді

Қаратау ауданында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар күшейтілді

Қаратау ауданы ТЖБ қарасты №9 МӨСБ және №10 ӨСБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Нұрсат және Мәртөбе шағын аудандарында өрттің және улы газбен улану оқиғаларының алдын алуға бағытталған кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара барысында мамандар тұрғын үйлерді аралап, азаматтарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, тұрмыстық газ құралдарын дұрыс пайдалану және пеш жүйелерінің жарамдылығын бақылау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жалпы алғанда, акция аясында 60-тан астам тұрғын үй қамтылды.

Сонымен қатар, улы газдың адам өміріне аса қауіпті екендігі айтылып, оның алдын алу жолдары түсіндірілді. Атап айтқанда, тұрғындарға үй-жайларды тұрақты түрде желдету, мұржаларды уақытылы тазалау және газ жабдықтарын мамандарға тексерту қажеттігі ескертілді.

Шара барысында ақпараттық жадынамалар таратылып, қауіпсіздік ережелерін сақтау әрбір азаматтың міндеті екені ерекше атап өтілді. Мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.