Наурызнама онкүндігі аясында Тұран ауданы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қайырымдылыққа бағытталған игі шара ұйымдастырды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мейірімділік пен жанашырлықты насихаттауды мақсат еткен акция барысында мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді.
Бекітілген жоспарға сәйкес, Тұран ауданы ТЖБ және қарасты өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тұрмыстық жағдайы төмен, алты баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ананың шаңырағына арнайы барып, азық-түлік пен көмір түрінде көмек көрсетті. Бұл – қиын жағдайда отырған отбасыға демеу болып, олардың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған қайырымды іс.
Қайырымдылық – тек көмек көрсету ғана емес, ол қоғамдағы жанашырлық пен мейірімділіктің айқын белгісі. Әсіресе Наурыз мейрамы қарсаңында жасалған мұндай игі бастамалар адамдарды бір-біріне жақындатып, ізгілік пен бауырмалдықты арттыра түседі.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары күнделікті қызметте халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік жауапкершілікті де назардан тыс қалдырмай, қоғамдағы мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп келеді. Осындай қайырымды істер – ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың жарқын көрінісі.
Наурыз – жаңару мен жақсылықтың мерекесі. Сондықтан қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға көмек қолын созу – бұл мерекенің басты құндылықтарының бірі. Мұндай игі бастамалар қоғамда мейірімділік мәдениетін қалыптастырып, адамдар арасындағы сенім мен сыйластықты нығайта түседі.