
Елімізде 15 наурыз күні республикалық референдум өткізу жоспарлануда. Осыған байланысты дауыс беру өтетін нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әсіресе өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту бойынша бірқатар профилактикалық шаралар жүргізілуде.
Осы мақсатта Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері аудан аумағында орналасқан референдум өткізілетін 78 сайлау учаскесінің төрағаларының қатысуымен Zoom платформасы арқылы онлайн форматта түсіндіру сабағын өткізді.
Іс-шара барысында басқарманың бас маманы сөз сөйлеп, референдум өтетін күні ғимараттарда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу, эвакуациялық жолдарды бос ұстау, электр желілерін қауіпсіз пайдалану, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығын тексеру бойынша нақты ұсынымдар берілді.
Онлайн кездесу барысында сайлау учаскелері төрағалары тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауаптар берілді. Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан сайлау учаскелерінің жауапты қызметкерлерінің қатысуымен референдум өтетін нысандарға аралау жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы назарға алынып, басқарма тарапынан арнайы ұсыным хаттар таратылды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар референдум өтетін нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.