
Қаратау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Ұлағат шағын ауданында тұрғындар арасында қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге бағытталған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Шараның басты мақсаты – су басу қаупі туындаған жағдайда қауіпсіздік шараларын түсіндіру, сондай-ақ өрттің және улы газбен улану жағдайларының алдын алу.
Іс-шара барысында мамандар тұрғындарға су тасқыны кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, төтенше жағдай орын алған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі жөнінде ақпарат берді. Әсіресе көктем мезгілінде қардың еруіне байланысты су деңгейі көтерілуі мүмкін екені ескертіліп, тұрғындарға аулаларды қар мен қоқыстан тазарту, су ағатын арықтарды ашық ұстау қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қызметкерлер тұрғындарға электр желілерін шамадан тыс жүктемеу, газ және жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ пеш пен мұржалардың жағдайын уақытылы тексеріп отыру қажеттігін түсіндірді.
Улы газбен уланудың алдын алу мақсатында тұрғындарға көмірқышқыл газының қауіптілігі туралы ақпарат беріліп, үйлерді үнемі желдетіп тұру және жылыту құрылғыларын тұрақты түрде тексеріп отыру керектігі айтылды.
Шара барысында тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылып, олардың сұрақтарына жауап берілді. Мұндай профилактикалық жұмыстар төтенше жағдайлардың алдын алуда және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруда маңызды рөл атқарады.