
Кейбір мамандықтар жай ғана кәсіп емес, олар – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өмірлік жол. Құтқарушылар қатарында осындай өнегелі әулеттер аз емес. Солардың бірі – азаматтық қорғау саласында қызмет етіп келе жатқан Расуловтар әулеті.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Гульназа Бахтияровна Расулова үшін бұл сала бала күнінен таныс. Оның әкесі кезінде департаментті басқарып, өмірін ел қауіпсіздігі жолына арнаған тәжірибелі басшылардың бірі. Бүгінде ол зейнеткерлік демалыста. Әкесінің қызметке деген адалдығы, жауапкершілігі мен адамдардың өмірін қорғауға бағытталған еңбегі қызының жүрегінде ерекше із қалдырды.
Гульназа Бахтияровнаның айтуынша, әкесі әрдайым парасатты, әділ әрі ұстамды жан болған. Қызметке бар өмірін арнағанымен, отбасысына уақыт бөлуді ешқашан ұмытпаған. Балалары үшін ол әрқашан үлгі болған, қамқор әрі өнегелі әке ретінде есте қалды.
«Әкеміз әрдайым біз үшін даналығы мен әділдігімен ерекшеленетін тұлға болды. Қызметі қаншалықты жауапты болса да, ол отбасысына көңіл бөлуді ұмытқан емес. Біз үшін ол нағыз офицердің, үлгілі әкенің бейнесі еді. Балалық шағымыздың қамқорлыққа, махаббат пен жылылыққа толы болғаны үшін әкеміз бен анамызға әрдайым алғысымыз шексіз», – дейді Гульназа Расулова.
Сондықтан да ол өмірлік жолын таңдағанда көп ойланған жоқ. Әке жолын жалғап, елге қызмет етуді өзінің басты мақсаты деп білді.
«Бала кезімнен әкемнің жұмысы туралы әңгімелерін тыңдап өстім. Оның адамдардың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек ететінін көрдім. Сол кезде бұл мамандықтың қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін түсіндім. Әкемнің жолын жалғастыру – мен үшін үлкен мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік», – дейді ол.
2001 жылдан бері азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп келе жатқан Гульназа Расулова бүгінде Төтенше жағдайларды жою басқармасында бас маман болып еңбек етеді. 2020 жылдан бастап төтенше жағдайларды жою бағыты бойынша тәжірибесін тереңдетіп, кәсіби біліктілігін шыңдап келеді.
«Біздің жұмыс тек апат болған кезде әрекет етумен шектелмейді. Ең бастысы – алдын алу жұмыстарын күшейту және адамдарға қауіпсіздік мәдениетін үйрету. Әсіресе балаларға ерте жастан қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру өте маңызды», – дейді ол.
Өмірде – ардақты ана, аяулы жар, ал қызметте – антына адал офицер. Әке жолын жалғаған оның таңдауы – ел қауіпсіздігіне қызмет ету. Осындай әулеттік сабақтастық азаматтық қорғау саласындағы адал еңбек пен жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетеді.