8 наурыз мерекесі қарсаңында қызметіне адал, табандылығы мен ішкі қайсарлығы арқылы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әйелдерге ерекше құрмет көрсетіледі. Солардың бірі – Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Жоспарлау және жедел басқару орталығы Орталық өрт байланыс пунктінің диспетчері, азаматтық қорғау аға сержанты Мөлдір Асқарқызы Қуандықова.
Мөлдір 2022 жылдың қыркүйегінен бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарады, ал 2023 жылдың маусым айынан бері диспетчер лауазымын қызмет етіп келеді. Қысқа уақыт ішінде ол өзін сауатты, жинақы әрі жауапкершілігі жоғары маман ретінде көрсете білді. Жоғары жүктеме мен уақыт тапшылығы жағдайында салмақты шешім қабылдай алуы – оның кәсіби шеберлігінің айғағы.
2024 жылы Мөлдір сауда нысандарында, «Акбар» базарында және қаладағы өндірістік кәсіпорындар аумағында орын алған ірі өрттерді сөндіру кезінде іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз етті. Жоғары шақырту дәрежесі жарияланған сәттерде гарнизонды дабыл бойынша көтеру, күштер мен құралдарды бағыттау, техниканың жетуін бақылау және басшылықты жедел ақпараттандыру жұмыстарын ұйымдастырып, кәсібилік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті.
Өзінің айтуынша: «Диспетчердің жұмысы – тек қоңырауды қабылдау емес. Бұл – әрбір секунд үшін жауапкершілік. Дұрыс шешімнің қабылдануы көмектің қаншалықты жылдам жетуіне тікелей әсер етеді. Мұндай сәттерде сабыр сақтап, нақты әрекет ету аса маңызды».
Күн сайын «101» желісі арқылы ондаған қоңырау қабылдап, ең алаңдатарлық жағдайларда азаматтарға психологиялық қолдау көрсетеді.
Мөлдірдің кәсібилігі тек қызмет барысында ғана емес, өмірде де көрініс табады. Бірде ауысымнан кейін үйіне қайтып келе жатып, көшеде адасып қалған кәмелетке толмаған қыз баланы кездестіреді. Бейжай қарамай, баланы қауіпсіз жерге апарып, жылытып, тамақтандырып, кейін «102» қызметіне хабар беріп, тиісті ақпаратты құқық қорғау органдарына жеткізеді. Бұл әрекет – оның мамандығының басты қағидаты, яғни көмектесу мен қорғаудың табиғи жалғасы іспетті.
«Тұтқаның ар жағынан қорқыныш пен үмітсіздікті сезгенде, сенің даусың көмек жеткенге дейін тірек болуы керек екенін түсінесің», – дейді Мөлдір.
Жеке өмірінде Мөлдір – сүйікті жар, қамқор ана. Жары да азаматтық қорғау жүйесінде қызмет атқарады. Олар үш баланы тәрбиелеп, отбасылық құндылықтар мен мамандыққа деген адалдықты үйлестіріп келеді.
Мөлдір Қуандықованың өмір жолы – азаматтық қорғау жүйесінде қызмет ететін әйелдердің батылдығы мен жауапкершілігінің, жанқиярлығының айқын көрінісі.