Шымкент қаласында су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда

Шымкент қаласында су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда

Шымкент қаласындағы су тасқынына қатысты ахуал жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында.

Тәуекелдерді кешенді бағалау және қалалық инфрақұрылым нысандарының жай-күйін зерделеу мақсатында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағына аэровизуалды шолу жүргізді. Әуе шолуына сондай-ақ қала бойынша ҰҚК департаментінің, прокуратураның және ТЖД басшылары қатысты.

Әуе мониторингі барысында су басу қаупі бар аймақтар, өзен арналары, ирригациялық желілер және тіршілікті қамтамасыз ету нысандары тексерілді. Арық-суару жүйелерінің жай-күйіне, су өткізу арналарына және тұрғын алаптар маңындағы су деңгейіне ерекше назар аударылды.

ТЖД мамандарының бағалауынша, ықтимал қауіп төндіретін нысандар –Бадам және Сайрам-су өзендері, Бадам, Тоғыс, Текесу және Ақжар су қоймалары, сондай-ақ Забадам, Елтай және Абдуллабад шағын аудандарындағы еңістік ағындар мен нөсерлі жауын-шашын.

Қала аумағында сегіз гидротехникалық құрылыс нысаны бар, олардың жетеуі қанағаттанарлық жағдайда. Текесу су қоймасы күрделі жөндеуді қажет етеді, бұл жұмыс 2026–2030 жылдарға арналған қала дамуы жоспарына енгізілген. Апаттық немесе иесіз гидротехникалық нысандар жоқ.

2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық алдын ала басталды. Жоспарланған барлық қарсы іс-шаралар толық орындалды: өзен жағалаулары бекітілді, каналдар мен су қоймаларына күрделі жөндеу жүргізілді, 300 шақырымнан астам канал тазартылды, 42 мың метрден астам ирригациялық желі орнатылды. Қажетті қаптар мен инертті материал қоры жасақталды.

Ағымдағы жылдың ақпан айында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді, сондай-ақ өзендер мен су қоймаларына қосымша тексеру жүргізілді.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда 2440 жеке құрам, 842 техника және 94 мотопомпа жұмылдырылатын болады.

Аэровизуалды шолу қорытындысы бойынша ағымдағы жағдайға кешенді баға беріліп, су тасқыны қаупін алдын алу және оның салдарын азайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.