«Көктем–2026» РКШОЖ: Шымкент қаласында практикалық іс-шаралар өткізілуде

«Көктем–2026» РКШОЖ: Шымкент қаласында практикалық іс-шаралар өткізілуде

2026 жылғы 25 ақпанда «2026 жылғы көктемгі кезеңдегі су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуында төтенше жағдайларды жою кезінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбында «Көктем–2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.
Оқу-жаттығу үш күнге жоспарланған. Республикалық штаб Астана қаласында орналасқан. «Баршаның назарына!» дабылы бойынша құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында сағат 11:00-де жалпықалалық сирена қосылды.
Оқу-жаттығу аясында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау қызметтері өкілдерінен құралған жедел штаб құрылып, тиісті жұмыстар ұйымдастырылды.
Су тасқыны салдарын жоюға қалалық азаматтық қорғау қызметтерінің 2448 қызметкері, 442 бірлік түрлі мақсаттағы техника, 94 мотопомпа және 6 жүзу құралы дайындыққа келтірілді.
Оқу-жаттығу шеңберінде қала аумағында практикалық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Жаттығудың бірінші күні шартты түрде мол жауын-шашын мен қардың еруі салдарынан туындаған қауіптерді жою бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда, Еңбекші ауданының Сауран-2 тұрғын алабында автокөлік көпірі астындағы бағаналар мен өндірістік нысан қоршауы тұрғындарға қауіп төндіруіне байланысты «Сайрам су» өзенінің арнасын бұру жұмыстары атқарылды. Абдулабад тұрғын алабында жасанды арықтардың толуы салдарынан тұрғын үйлерді су басу қаупінің алдын алу үшін жағалауларды нығайту, тереңдету және тазарту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар Елтай тұрғын алабындағы «Тоғыс» су қоймасынан бастау алып, «Бадам» өзеніне құятын учаскелерде механикалық тазалау жүргізіліп, ирригациялық жүйедегі құлаған бетон плиталар қалпына келтірілді. Шапырашты тұрғын алабында «Сайрам су» өзенінің арнасын бұру, ал Сайрам тұрғын алабында көпір асты кеңістігін тазалау жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылды.
Практикалық іс-шаралар барысында Шымкент қаласының азаматтық қорғау қызметтері мен Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің күштері мен құралдарының өзара іс-қимылы пысықталды.