
Шымкент қаласындағы «Нұртас» және «Нұрсәт» бала бақшаларының тәрбиеленушілері №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде болып, өрт сөндірушілердің қызметімен танысты. Балалар үшін бұл кездесу ерекше әсерге толы болды.
Экскурсия барысында бүлдіршіндер өрт сөндіру техникасын тамашалап, бөлімшенің күнделікті қызметі туралы мәлімет алды. Мамандар балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсінікті тілде түсіндіріп, төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету жолдарын көрсетті. Сондай-ақ 112 нөміріне хабарласудың маңыздылығы айтылды.
Балалар экскурсияға белсенді қатысып, қызығушылық танытты. «Керемет! Біз шын өрт сөндірушілерді көрдік!» – деген қуанышты пікірлер олардың ерекше әсер алғанын аңғартты. Көпшілігі болашақта өрт сөндіруші болуды армандайтындарын жеткізді.
Іс-шара соңында бүлдіршіндер бөлімше қызметкерлерімен естелік суретке түсіп, жағымды әсермен тарқасты.
Мұндай танымдық кездесулер жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілік сезімін арттыруға және мамандыққа деген құрметін нығайтуға ықпал етеді.