
Көрінбейтін, бірақ өмірге қауіп төндіретін улы газ мәселесі — әр тұрғын үйде сақтықты қажет етеді. Сол себепті Тұран ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері Атасу көшесі мен Қызылжар шағынауданында тұрғындармен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында мамандар тұрғындарға газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, ықтимал қауіпті алдын алу шараларын көрсетті. Әр үйдің әрбір тұрғынына арнайы жадынама парақтары таратылып, қарапайым, бірақ маңызды кеңестер берілді.
«Улы газ көрінбейді, бірақ оның салдары өте қауіпті», — деп ескертеді мамандар. Олар тұрғындарды сақтыққа шақырып, өз үйлерінде қауіпсіздікті бірінші орынға қоюға шақырды.
Бұл акция тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған және қайғылы жағдайлардың алдын алуға үлес қосады.