
Шымкент қаласындағы №105 жалпы орта білім беретін мектебінде №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен танымдық әрі профилактикалық бағыттағы кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға азаматтық қорғау саласының маңыздылығын түсіндіру, болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға үйрету.
Кездесу барысында М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу шарттары, қабылдау талаптары, оқу үдерісінің ерекшеліктері мен курсанттарға жасалатын әлеуметтік қолдаулар туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сонымен қатар академия өмірінен сыр шертетін арнайы бейнеролик көрсетіліп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар ұсынылды.
Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі тақырыбына ерекше назар аударылып, өрт орын алған жағдайда жасалуы тиіс дұрыс іс-қимылдар, эвакуациялау тәртібі, алғашқы әрекеттер алгоритмі және тұрмыста жиі кездесетін қауіп факторлары жан-жақты түсіндірілді. Қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуға болатыны ерекше атап өтілді.
Мұндай профилактикалық және түсіндіру бағытындағы кездесулер оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына ықпал етеді.