Бүгін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Абай ауданына қарасты Қайнарбұлақ саяжайы аумағында өрттің алдын алуға бағытталған кешенді өрт-профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Іс-шара барысында мамандар тұрғын үйлерді аралап, ең алдымен пеш мұржаларының жағдайына назар аударды — бірқатар үйлердің мұржалары тазартылды. Сонымен қатар улы және тұрмыстық газдың таралуын ерте анықтайтын арнайы құрылғылар орнатылды.
Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары, газдан уланудың алдын алу жолдары түсіндіріліп, арнайы жаднамалар таратылды. Пеш және газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, электр сымдарының жай-күйін бақылау қажеттігі де назардан тыс қалмады.
Дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету тәртібі және жедел қызметтерді уақытылы хабардар ету алгоритмі түсіндірілді.
Мұндай профилактикалық шаралар — қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыз.