Пешті пайдалану кезіндегі қауіпсіздік - әр үй иесінің жауапкершілігі

Пешті пайдалану кезіндегі қауіпсіздік - әр үй иесінің жауапкершілігі

Күн суытып, жылыту маусымы басталған сәттен бастап тұрғын үйлердегі өрт қаупі де арта түседі. Статистика көрсеткендей, бұл кезеңде өрттердің басым бөлігі пештердің ақаулығынан, сондай-ақ оларды орнату және пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан туындайды.

Мамандардың айтуынша, жылыту маусымы басталар алдында барлық пештер міндетті түрде тексеріліп, қажет болса жөндеуден өтуі тиіс. Жарамсыз пештер мен от жағу құралдарын пайдалануға қатаң тыйым салынады. Жеке тұрғын үйлерде жылыту кезеңінің алдында және әр үш ай сайын мұржаларды, түтін жолдары мен түтін жинағыштарын күйеден тазалау қажет. Мұржаны тазалау пештің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, өрттің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі болып саналады.

Пеш алдындағы еденге көлемі кемінде 50×70 сантиметр болатын темір қаңылтыр қағылуы тиіс. Онсыз пешті пайдалануға болмайды. Сондай-ақ пешті шамадан тыс қыздыруға және қатты отынмен жағылатын пештерді тұтандыру үшін бензин, керосин және басқа да тез тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға болмайды.

От жағу кезінде пешті қараусыз қалдыруға, оны балалардың бақылауына тапсыруға тыйым салынады. Пеш маңында отын мен басқа да жанғыш материалдарды сақтауға жол берілмейді.

Электр жылыту құралдарын қолданатын тұрғындар үшін де қауіпсіздік талаптары бар. Электр жылытқыштар тек зауытта шығарылған болуы керек. Оларды жанғыш заттардың жанына қоюға, үстін жабуға немесе үстіне кір кептіруге болмайды. Қосылған электр құрылғылары үнемі бақылауда болуы тиіс, ал үйден шыққанда оларды міндетті түрде сөндіру қажет.

Уақытша орнатылатын металл пештерді пайдаланғанда да өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау аса маңызды. Мұндай пештердің аяқтарының биіктігі кемінде 0,2 метр болуы керек. Пештің астындағы жанғыш едендер арнайы оқшауланып, кірпішпен немесе болат қаңылтырмен жабылуы тиіс. Металл пештерді ағаш құрылымдар мен жиһаздардан кемінде 1 метр қашықтықта орналастыру қажет.

Мамандар пеш жағуға байланысты өрттердің негізгі себептерінің бірі - мұржада жиналған күйе екенін атап өтеді. Күйе мұржаның қызуына, кірпіш қалауында жарықтардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Сол себепті мұржаны үнемі тазалап, оның ішкі қалпын тексеріп отыру аса маңызды.

Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау - үйіңізді өрттен қорғап қана қоймай, отбасыңыз бен жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі. Төтенше жағдай туындаған жағдайда «101» немесе «102» нөмірлеріне хабарласу қажет.