
Бүгін Шымкент қаласындағы «ПЕТРО ҚАЗАҚСТАН ОЙЛ ПРОДАКС» ЖШС аумағында шартты өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті.
Оқу-жаттығу №2 цехтың қондырғысында ұйымдастырылды. Тактикалық жоспарға сәйкес фланецтік қосылыстың герметикалығының бұзылуы салдарынан мұнай өнімінің шартты түрде тұтануы орын алып, оттың көршілес технологиялық қондырғылар мен мұнай өнімдерін сақтау резервуарларына таралу қаупі төнді.
Оқу-жаттығу барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, нысанның өртке қарсы қызметі, сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлері мен қаланың тіршілікті қамтамасыз ету қызметтері арасындағы өзара іс-қимыл пысықталды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша тартылған күштер мен құралдардың іс-қимылдарына «өте жақсы» деген жалпы баға берілді.
Іс-шара жоспарлы түрде өтті. Халық үшін қауіп болған жоқ.
Оқу-жаттығуға Шымкент қаласы ТЖД, «ПЕТРО ҚАЗАҚСТАН ОЙЛ ПРОДАКС» ЖШС нысандық өрт сөндіру бөлімі, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадалары және авариялық электр қызметі қатысты.