Шымкент қаласы Қаратау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы мен Қаратау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Нұрсат шағынауданында улы газбен улану оқиғаларының алдын алуға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында тұрғындарға тұрмыстық газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, мұржалардың жарамдылығын тексеру, желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ улы газдың алғашқы белгілері мен уланудың алдын алу жолдары туралы түсіндірілді. Сонымен қатар азаматтарға газ құралдарын өз бетінше жөндемеу, ақау анықталған жағдайда тиісті қызметтерге жүгіну қажеттігі ескертілді.
Мамандар тұрғындарға жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын айтып, ақпараттық жадынамалар таратты. Мұндай профилактикалық шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Қаратау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы улы газбен улану қаупінің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізетін болады.