Шымкентте өрт қауіпсіздігіне бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шара жүргізілді

Шымкентте өрт қауіпсіздігіне бағытталған ауқымды  профилактикалық іс-шара жүргізілді

Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жылыту маусымы кезеңінде өрттің алдын алу және тұрмыстық қауіпті жағдайларды болдырмау мақсатында кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізді. Бұл жұмыстар әр апта сайын тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

Іс-шара барысында қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігі талаптары, тұрмыстық газдануланудың алдын алу ережелері түсіндіріліп, арнайы жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, үйлердің түтін мұржалары тексеріліп, тазалау жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық ақпараттандыру шаралары күшейтіліп, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға да жеке нұсқаулық берілді.

Жалпы 500-ден астам тұрғын үй араланып, 2 500-ге жуық адам ақпараттық түсіндірумен қамтылды.

Тексеру барысында бірқатар қауіпті кемшіліктер де анықталды, олардың қатарында электр сымдарын бұрау (скрутка), пештерді қараусыз қалдыру, жылыту құралдарын жанғыш материалдарға тым жақын орналастыру, ақаулы розеткалар және басқа да қауіп тудыратын жағдайлар болды. Барлық анықталған кемшіліктер бойынша тұрғындарға ескерту жасалып, оларды жою жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара Газ техникалық қызметінің, Жастар ресурстық орталығының, QazaqGazaimaq және еріктілердің бірлескен қатысуымен өтті.