Улы газдың (угарный газ) ең қауіпті тұсы – оның иісі де, түсі де болмайды. Ол білінбей жиналады және небәрі бірнеше минут ішінде ауыр улануға немесе адам өліміне алып келуі мүмкін.
Осыған байланысты, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Суық кезеңде қалада өрттердің және улы газдан улану жағдайларының өсуі тіркеледі.
2025 жылдың басынан бері 406 өрт орын алып, материалдық шығын 800 млн теңгеден асты. 8 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды. Жылыту маусымы басталғалы 1 улы газдан улану жағдайы тіркелді, оның салдарынан 1 адам көз жұмды. Өткен жылғы жылыту маусымында 2 улану фактісі тіркеліп, 3 адам қаза болған, тағы 3 адам жараланған. Негізгі себептер – пештердің, жылыту және газ жабдықтарының дұрыс пайдаланылмауынан.
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерге шын ниетпен үндеу жасаймыз: өздеріңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар! Суық маусымда газ, электр құралдары немесе пештерді қолданудағы аз ғана немқұрайлық үлкен қайғыға әкелуі мүмкін. Үйде бір байқалмай қалған ақау немесе ұмытылған бөлшек –өрттің шығуына немесе бірнеше минут ішінде адам өміріне аса қауіпті улы газдың жиналуына себеп болуы ықтимал.
Есіңізде болсын: қауіпсіздік – өз қолыңызда!
Құрал-жабдықтарды тексеріп отырыңыздар, қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар. Үйіңіздегі жылу тек жайлы ғана емес, қауіпсіз де болсын.