Шымкент қаласында қысқы кезеңде төтенше жағдайларға ден қою және олардың салдарын жою жөніндегі азаматтық қорғау жүйесінің іс-қимылдарын пысықтауға бағытталған 12-13 қараша күндері «Қыс–2025» қалалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті.
Өткен жылдардағы төтенше жағдайларды талдау негізінде тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы – сумен жабдықтау, жылыту және энергиямен қамтамасыз ету жүйелеріндегі ықтимал апаттар, сондай-ақ автожолдардағы кептеліс жағдайларын жою іс-қимылдарына ерекше назар аударылды.
Оқу-жаттығудың бірінші күні халықты хабардар ету және ақпараттандыру іс-шараларынан басталды. Қала аумағында «Баршаның назарына!» дабылы беріліп, одан кейін ақпарат сандық және кабельдік теле-радио арналары арқылы таратылды.
Теориялық бөлім барысында қалалық штабтың жедел топтары ықтимал жағдайлардың даму сценарийлерін модельдеп, қалалық аумақта шешім қабылдау жөнінде ұсыныстар әзірледі.
Практикалық бөлімде қаланың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысында туындауы мүмкін нақты қауіп-қатерлердің алдын алу шаралары жүзеге асырылды.
Шартты сценарий бойынша, Қаратау, Еңбекші және Тұран аудандарында қардың мол еруі салдарынан өзендер мен каналдардағы су деңгейі көтеріліп, елді мекендерді су басу қаупі туындады.
Практикалық кезеңде мамандар халықты қауіпсіз аймақтарға көшіру, өзен арналары мен каналдарды қамыс пен қоқыстан тазарту, бөгеттерді нығайту, сондай-ақ инженерлік және электр жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету іс-шараларын пысықтады.
Екінші күні бірнеше шартты төтенше жағдайларды жоюға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, Еңбекші ауданындағы «3-Энергоорталық» АҚ нысанында сценарий бойынша газ құбыры жарылып, өрт шықты, нәтижесінде кейбір қазандықтар істен шықты. Құтқарушылар мен авариялық қызметтер нысан жұмысшыларын эвакуациялау, өртті сөндіру және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Тұран ауданындағы А-2 автомобиль жолында шартты түрде газ құбыры жарылып, ал Қаратау ауданында трансформатор істен шығып, бірнеше шағын аудан уақытша газсыз және жарықсыз қалды. Тиісті қызметтер тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру және қалпына келтіру іс-шараларын ұйымдастырды.
Нәтижесінде барлық шартты төтенше жағдайлар дер кезінде жойылып, азаматтық қорғау қызметтері жоғары дайындық пен үйлесімді іс-қимыл деңгейін көрсетті. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша іс-әрекеттердің тиімділігі, жинақталған тәжірибе және қызметтердің өзара әрекеттестігі талқыланды.
Оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдардың (азаматтық қорғау қызметтері) жедел топтары, Төтенше жағдайлар департаментінің, Полиция департаментінің, Денсаулық сақтау басқармасының бөлімшелері, сондай-ақ «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі және №35748, №6506 әскери бөлімдерінің жеке құрамдары қатысты.
Оқу-жаттығу аясында 11 оқу полигонында практикалық іс-шаралар өткізілді, оған 216 қызметкер мен 41 арнайы техника жұмылдырылды.
Қойылған мақсаттар толық орындалып, тапсырмалар нақты жағдайларға барынша жақын жағдайда атқарылды.