Шымкентте «Қыс–2025» қалалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының екінші күні өтуде

Шымкентте «Қыс–2025» қалалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының екінші күні өтуде

Бүгін Шымкент қаласында «Қыс–2025» қалалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының екінші күні өтуде. Іс-шара қысқы кезеңде туындауы мүмкін төтенше жағдайларды жоюға дайындық деңгейін бағалау және азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимыл алгоритмін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған.

Оқу-жаттығу аясында тіршілікті қамтамасыз ету нысаны – «3-Энергоорталық» АҚ базасында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді.

Сценарий бойынша турбиналық цехқа газ жеткізетін құбыр желісінде жарылыс орын алып, соның салдарынан өрт шығып, бірнеше қазандық істен шықты.

Апат салдарын жоюға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, жедел-құтқару жасағының, сондай-ақ коммуналдық және апаттық қызметтердің күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Құтқарушылар мен авариялық қызметтердің мамандары нысан жұмысшыларын эвакуациялау, өртті сөндіру, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету және апат салдарын жою бойынша практикалық іс-қимылдарды орындады.

Сондай-ақ оқу-жаттығу барысында апатты аймақты қоршау, қауіпсіздік аймағын белгілеу, инженерлік және медициналық қызметтердің іс-әрекеттері пысықталды.

«Қыс–2025» оқу-жаттығуларының басты мақсаты – қысқы кезеңде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылын үйлестіру және жедел әрекет ету дайындығын арттыру болып табылады.