Шымкентте «Қыс–2025» оқу-жаттығуы өтуде

Шымкентте «Қыс–2025» оқу-жаттығуы өтуде

2025 жылғы 12–13 қараша аралығында Шымкент қаласында қыс мезгілінде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою іс-қимылдарын жетілдіруге бағытталған «Қыс–2025» қалалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтері мен арнайы техникалар шартты төтенше жағдайларды жою іс-қимылдарын пысықталатын болады.

Жаттығудың бірінші күні сценарийге сәйкес Қаратау, Еңбекші және Тұран аудандарында еріген қар суларының көбеюінен өзендер мен каналдардағы су деңгейі көтеріліп, елді мекендерге су басу қаупі туындаған.

Практикалық кезеңде халықты қауіпсіз аймақтарға көшіру, су арналары мен бөгеттерді тазалау және нығайту, электр мен инженерлік жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылды.

«Қыс–2025» оқу-жаттығуына Шымкент қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері мен аудан әкімдіктері, Полиция департаменті, салалық басқармалар, коммуналдық қызметтер және әскери бөлімдер қатысты.

Оқу-жаттығу қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындықты күшейтіп, азаматтық қорғау құрылымдарының өзара үйлесімді іс-қимыл жасау жолындағы тиімді шара болып табылады.