Шымкент қаласында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өтуде

Шымкент қаласында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өтуде
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері 2025 жылғы 22 қазан мен 22 қараша аралығында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» республикалық профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.
Бұл шараның мақсаты — тұрғындардың өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыру, тұрмыста және өндіріс орындарында өрттің алдын алу, улы газдан улану жағдайларын болдырмау.
 
Іс-шара аясында құтқарушылар мен өрт сөндірушілер қала тұрғындары арасында кең ауқымды түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
 
🏫 Білім беру ұйымдарында интерактивті сабақтар мен ашық кездесулер ұйымдастырылып, балаларға өрт кезіндегі іс-қимыл ережелері түсіндірілуде.
📲 Мұғалімдер мен ата-аналар чаттарына танымдық бейнероликтер мен нұсқаулықтар жолдануда.
🏘️ Жеке тұрғын үйлерді аралау барысында азаматтарға өрт қауіпсіздігі және көмірқышқыл газымен уланудың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
❌ Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлер аулаларындағы шлагбаумдарға рейдтер ұйымдастырылып, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті органдарға хаттар жолдануда.
👥 Кондоминиум (КСК) және ОСИ өкілдерімен кездесулер өткізіліп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары мен алғашқы әрекеттер ережелері түсіндірілуде.
 
Мұндай профилактикалық жұмыстар халықтың қауіпсіздігін арттырумен қатар, өрт қаупі жоғары маусымда орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
 
📌 Департамент мамандары тұрғындарды тұрмыста қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:
•электр құралдарын ұзақ уақытқа қосулы қалдырмау;
•пеш пен жылытқыштарды дұрыс пайдалану;
•газ жабдықтарының жағдайын қадағалау;
•балаларды от пен электр құралдарымен ойнауға жол бермеу.