ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында жаңа тәсілдер енгізілуде. Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында заманауи технологиялар мен тың әдістерді кеңінен қолдануда.
Шымкент қаласында «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» атты пилоттық жоба іске қосылды. Бұл — төтенше жағдайларды мониторингілеуге және оларға жедел ден қоюға арналған автономды ұшқышсыз әуе құрылғыларының инновациялық жүйесі.
Жоба Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мен қала әкімдігі бірлесе әзірлеген. Бағдарлама аясында 5 автономды станция орнатылып, олар радиусы 5 шақырымға дейінгі аумақты қамтиды. Нәтижесінде қаланың шамамен 60% бөлігі дрондар бақылауында болады.
ҰҰА жүйесінің тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденді: дрондар сауда орталығындағы өртті сөндіру кезінде қолданылып, жағдайды жедел бағалауға және қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, бұл жүйе жылу желілерін бақылау, әлеуметтік нысандардың құрылысына мониторинг жүргізу және өрт қауіпсіздігін арттыру бағыттарында да пайдаланылады.