
«KARLSKRONA LC AB» механикалық құрастыру өндірісінде өрт сөндіру тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Іс-шараның мақсаты – өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің өндірістік нысандардағы өртті сөндіру іс-қимылдарын жетілдіру болды.
Тактикалық жоспар бойынша өндірістік цехта технологиялық процестің салдарынан шартты өрт шықты. Өрттің көршілес ғимараттарға таралу қаупі туындады. Кәсіпорын қызметкерлері дереу «101» нөмірі арқылы өрт туралы хабарлап, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін ғимараттан 30 адамды эвакуациялады. Сонымен қатар, қызметкерлер алғашқы өрт сөндіру құралдарын - өрт сөндіргіштерді пайдаланып, өз күштерімен өртті сөндіруге әрекет жасады.
Шымкент қаласы ТЖД-ның күштері мен құралдары шартты өрт орнына жедел жетті. Құтқарушылардың нақты және үйлесімді іс-қимылдарының арқасында тыныс алу және көру органдарын жеке қорғау құралдарын пайдалана отырып, ғимарат ішін барлау, түтін басқан аймақта қалған «зардап шеккендерді» іздеу және өртті жою шаралары уақтылы жүргізілді.
Оқу-жаттығу барысында өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамы мен кәсіпорын қызметкерлерінің өзара іс-қимылдары, өртті бастапқы сатысында сөндіру және оны толық жоюға жағдай жасау іс-шаралары пысықталды. Сондай-ақ өртке қарсы су көздерінің жарамдылығы тексерілді.