
Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласы Әл-Фараби және Еңбекші аудандарының Төтенше жағдайлар басқармаларының қызметкерлері тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Атап айтқанда, Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері аудан аумағында орналасқан Ескі қалашық мөлтек ауданының тұрғын үйлерін аралап, улы газдан уланудың алдын алу тақырыбында түсіндірме жұмыстарын өткізді. Тұрғындарға тұрмыстық газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, жылыту жүйелерінің жарамдылығын тексеру және бөлмелерді үнемі желдетіп отыру қажеттілігі туралы нұсқаулықтар берілді.
Сонымен қатар, Еңбекші ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері де аудан аумағындағы көп қабатты және жеке тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесіп, өрт қауіпсіздігін сақтау және улы газдан уланудың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында тұрғындарға өрт немесе төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс іс-қимыл жасау тәртібі түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар таратылды.
Мұндай алдын алу іс-шараларының негізгі мақсаты — тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, тұрмыстық жағдайда өрт пен улы газдан уланудың алдын алу және төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендету болып табылады.