Шымкент қаласы ТЖД бастығы спортшылармен кездесті

Шымкент қаласы ТЖД бастығы спортшылармен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында ерлер мен әйелдер арасында өрт-құтқару спорты бойынша VIII Қазақстан Кубогі өтті. Бұл додада еліміздің үздік құрама командалары жоғары кәсіби дайындық пен спорттық шеберліктерін көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің әйелдер құрама командасы «Жауынгерлік қанат жаю» сайысында І орынды иеленді.

Шымкент қаласы ТЖД бастығы генерал-майор Қ.Базарбаев жеңімпаздармен арнайы кездесіп, оларды құттықтады және мұндай жетістіктердің маңызын атап өтті:

«Бұл нәтижелер – біздің қызметкерлердің кәсіби шеберлігінің, табандылығы мен командалық рухының айқын дәлелі. Өрт-құтқару спорты тек спорттық жетістік емес, сонымен бірге қызметтік міндеттерге әрдайым дайын екеніміздің көрсеткіші. Мұндай жеңістер жас қызметкерлерге үлгі болып, жаңа биіктерді бағындыруға жігерлендіреді», – деді департамент бастығы.

Кездесу соңында департамент басшысы спортшыларға мықты денсаулық, сәттілік және республикалық әрі халықаралық деңгейдегі жаңа жеңістер тіледі.

 Чемпиондарымызды шын жүректен құттықтап, жетістіктеріне қуаныш білдіреміз!