Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің қасбетінде қазақстандық құтқарушыларға арналған арт-нысан пайда болды.
«Ар-намыс пен борыш – Отан қызметінде!» деп аталатын көркем композицияда төтенше жағдайлар қызметі мамандарының қаһарман бейнесі бейнеленген. Шығарманың жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайды.
Жоба Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен, қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Көркем туынды Шымкент қаласының сәулеттік келбетін айшықтап, жаңа көрік берді.
Мурал тек төтенше жағдайлар қызметінің 30 жылдық тарихын ұлықтап қана қоймай, ел тыныштығын күзетіп жүрген мамандардың жанқиярлық еңбегіне деген алғысты да білдіреді. Ол мамандықтың маңызын еске салып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналмақ.