Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында ҚР ТЖМ-нің аумақтық және ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің қызметкерлерінің қатысуымен «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық бойынша жұмыс кеңесі өтті. Кеңесте 23-24 шілдеде еліміздің оңтүстік өңірінде өтетін оқу-жаттығуды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Кеңес барысында азаматтық қорғау органдарының өзара іс-қимыл үйлесімділігіне, апатты жер сілкінісі жағдайында авариялық-құтқару және медициналық қызметтердің әзірлігіне, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына баса назар аударылды.
Сонымен қатар, оқу-жаттығуға қатысатын күштер мен құралдардың дайындығы, техникалық қамтамасыз ету, қатысушылардың уақытша орналасу орындары мен жергілікті атқарушы органдар және мүдделі қызметтермен өзара іс-қимылды пысықтау мәселелері қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша дайындық іс-шараларын толық аяқтау, күштерді тарту жоспарын нақтылау және оқу-жаттығу барысын ақпараттық сүйемелдеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.