Шымкентте балалардың жазғы қауіпсіздігіне қатысты алдын алу шаралары күшейтілді

Шымкентте балалардың жазғы қауіпсіздігіне қатысты алдын алу шаралары күшейтілді
Жаз мезгілінің басталуына орай Шымкент қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы алдын алу шаралары күшейтілуде. Осыған байланысты бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында арнайы брифинг өтті.
 
Брифингке Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері  капитан Темірбек Әли Шатырбекұлы және ТЖ алдын алу басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Ирисмат Бахтиярович Махмудов қатысып, жаздағы басты қауіптер — суға шомылу кезіндегі оқыс жағдайлар мен балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алу мәселелеріне тоқталды.
 
Спикер мәлімдеуінше, 2025 жылғы шомылу маусымының басынан бері қала аумағында адам өліміне әкелген суға бату оқиғасы тіркелмеген. Бұл — сәуір айынан бастап жүргізіліп келе жатқан жүйелі профилактикалық шаралардың нәтижесі.
 
Атап айтқанда:
•Қала аумағында 158 рейд ұйымдастырылып, ҚР ӘҚБтК 412-бабы бойынша 4 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды (айыппұл сомасы – 55 048 теңге).
•Ақпараттық бейнероликтер қоғамдық көліктерде, кинотеатрларда, LED-экрандарда, теміржол вокзалында, әуежай мен адам көп шоғырланатын орындарда көрсетілуде.
•Әлеуметтік желілерде 220-дан астам ақпараттық материал жарияланып, 15 180 дана жадынама мен парақша таратылды.
 
Сонымен қатар, жылдың алғашқы алты айында қалада 3 баланың терезеден құлау оқиғасы тіркелген. Осыған байланысты қауіпсіздік шаралары демалыс және мереке күндері де белсенді жүргізілуде.
 
Нәтижелер:
•159 көпқабатты тұрғын үй қамтылып, 2 650-ден астам тұрғынмен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
•22 жиын өткізіліп, 1 060 жадынама таратылды.
•103 терезеге арнайы қауіпсіздік бекіткіштері орнатылды.
•«5 қадам» жадынамасы тұрғын үйлердің WhatsApp және Telegram чаттарында жүйелі түрде таратылып жатыр.
 
Департамент ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуды және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
 
Айта кету керек, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ата-ананың тікелей міндеті. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес, бұл талапты елемеген тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.