Қазақстан Республикасы Журналистер одағы дәстүрлі түрде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ел дамуына, қоғам игілігіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттауды жалғастыруда. ҚР ТЖМ 30 жыл толуына орай биылғы марапат иелерінің қатарында қаламгерлермен бірге батылдығымен, ерлігімен ерекшеленген жандар да бар.
Солардың бірі – Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау старшинасы Бекжан Үркінбаев. Ол қызмет барысында талай төтенше жағдайдың ортасында жүріп, өз ісіне деген адалдығын, жүректегі батырлығын дәлелдеп келеді.
Бекжан Үркінбаевтың ерлігі – жай ғана қызметтік міндетті орындау емес, нағыз ержүректіліктің үлгісі. Әсіресе, ол көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде шыққан өрт кезінде өрттің ортасынан бір баланы аман-есен алып шыққан. Бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін, жүрек пен батылдықтың, сертке берік азаматтық ұстанымның көрінісі.
Осы ерлігі мен еңбегі ескеріліп, Бекжан Үркінбаев Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Алтын медалімен марапатталды. Бұл марапат – тек өрт сөндірушінің жеке жетістігі ғана емес, ел үшін күн-түн демей қызмет етіп жүрген барша азаматтық қорғау қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға.
Батыл да өжет өрт сөндіруші Бекжан Үркінбаевты лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Оның ерлігі – жастарға үлгі, елге мақтаныш!