Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары күшейтілді

Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары күшейтілді

Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда.

ТЖД қызметкерлері Патрульдік полиция полкімен бірлесіп, қала тұрғындарына электр самокаттарын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында жол жүру ережелерін сақтау, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, сондай-ақ самокатпен қозғалу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, халықпен тікелей байланыс орнату мақсатында WhatsApp мессенджеріндегі чаттар арқылы заманауи ақпараттық әдістермен танымдық бейнероликтер таратылуда. Тұран, Абай және Қаратау аудандарында ТЖ басқармасының қызметкерлері электр самокаттары орналасқан гараждарға барып, нысан иелері мен қызметкерлеріне «Өрт қауіпсіздігі» және «Техникалық қауіпсіздік» тақырыптарында нұсқаулықтар беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай іс-шаралар өрттің алдын алуға және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Еңбекші ауданында ТЖБ қызметкерлері өрт қаупі жоғары маусым аясында Абдуллабад тұрғын алабында профилактикалық рейд өткізді. Рейд барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері түсіндірілді. Ашық отты қауіпсіз пайдалану, электр құрылғыларын дұрыс қолдану, сондай-ақ аула мен аумақтарды құрғақ шөп пен жанғыш қалдықтардан уақтылы тазарту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы ТЖБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Mega Planet» және «Shymkent Plaza» сауда-ойын-сауық орталықтарының LED-экрандарында және кинотеатрларында қауіпсіздік тақырыбындағы бейнероликтер көрсетілуде.