Жаз мезгілінде су айдындарында қайғылы жағдайлардың алдын алу - басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласының аумағында арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Шараға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Рейд Абай, Тұран, Еңбекші, Қаратау және Әл-Фараби аудандарында жүргізілді. Ерекшелігі — бұл жолы су айдындарын бақылауға ұшқышсыз ұшу құрылғысы (дрон) қолданылды. Бұл құрылғы рұқсат етілмеген орындарда суға шомылып жүрген азаматтарды анықтауға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында демалушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Әсіресе, рұқсат етілмеген орындарда шомылу – адам өміріне төнетін үлкен қатер екені ескертілді. Мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салынатыны нақты жеткізілді.
Рейд барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, құтқару желетсіз су көлігін басқарған екі азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 27 524 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Алдағы уақытта да мұндай рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жалғасын табады. Негізгі мақсат - қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.