Шомылу маусымы басталуына байланысты Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, су айдындарында қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Рейд барысында азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Мамандар рұқсат етілмеген, қауіпті және арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылуға қатаң тыйым салынатынын ескертті. Сонымен қатар, тұрғындарға жадынамалар таратылып, жалпы 40 адам қамтылып, 33 үнпарақ үлестірілді.
Рейд барысында шомылуға арналмаған, өз бетінше жасалған “тарзанкалар” мен арқан-жіптер алынып тасталды. Бұл – балалар мен жасөспірімдер арасында жиі қолданылатын, бірақ аса қауіпті құралдар екені белгілі.
Суға түсу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған 2 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 27 524 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Мұндай іс-шаралар суға шомылу маусымы бойы жалғасатын болады. Құтқарушылар азаматтарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, арнайы рұқсат етілген жағажайларды ғана пайдалануға шақырады.