
Шымкент қаласында шомылу маусымы ресми түрде ашылды. Қаланың климаттық ерекшеліктеріне байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары сәуір айынан бастап күшейтілді. Бүгінгі таңда республика көлемінде 30-ға жуық адам суға батып кетті, олардың қатарында балалар да бар. Ал Шымкент қаласы аумағында биылғы жылы судағы жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ.
2025 жылғы шомылу маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Қала әкімдігінің қаулысы негізінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Сәуір айынан бастап 105 рейдтік тексеру жүргізілді. Бұл жұмыстар демалыс және мереке күндері күшейтілген режимде жалғасуда. Нәтижесінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 1 адамға 13 762 теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Судағы қауіпсіздік ережелері» туралы бейнероликтер әлеуметтік желілерде, кинотеатрларда, автобустарда, LED экрандарда және адам көп жиналатын орындарда көрсетілуде. Сонымен қатар, тұрғындардың ұялы телефондарына 112 қызметі арқылы күн сайын ескерту хабарламалары жіберілуде.
Балаларды тегін жүзуге үйрету бойынша бассейндермен жасалған меморандумдар аясында нақты күндер мен уақыттар белгіленіп, үйретілетін балалардың тізімі алдын ала дайындалуда.
Сондай-ақ, шомылуға тыйым салынған орындардың тізімі кеңейтіліп жатыр: бұрын 13 болған орын саны 30-ға дейін арттырылуда. Жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланды және қазіргі уақытта тиісті органдармен келісу кезеңінен өтуде. Маусым айының алғашқы онкүндігінде бұл шешім қалалық мәслихатта бекітіледі деп күтілуде.
Оған қоса, Рахат-Бадам және Тоғыс су қоймаларындағы шомылуға рұқсат етілген аумақтарда су түбін тазалау және тексеру жұмыстары жүргізілді. Мамандар су астын мұқият қарап шығып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін бөгде заттардың бар-жоғын анықтады. Тексеру нәтижесінде адам өміріне қауіпті ешқандай зат табылған жоқ. Бұл — шомылу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам.
2025 жылғы 30 мамырда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында шомылу маусымына дайындық және судағы қауіпсіздік мәселелері бойынша арнайы жиналыс өтті. Жиынға жергілікті атқарушы органдардың, білім басқармасының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен демалыс орындарының иелері қатысты. Кездесу барысында шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған су айдындары, құтқару қызметтерінің дайындығы және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барысы талқыланды.
Төтенше жағдайлар департаментінің және құтқару қызметінің мамандары Бадам су қоймасы мен Бадам өзенінің аумағында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізуде. Рейд барысында судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы әзірленген жадынамалар таратылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын болады.