Балалар қауіпсіздігі - басты назарда!

Балалар қауіпсіздігі - басты назарда!

1 Маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!» тақырыбында тәрбиелік-танымдық іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты - балаларға төтенше жағдайлар кезінде өзін-өзі ұстау тәртібін түсіндіріп, қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан қалыптастыру.

Іс-шараға қала мектептерінен 70-ке жуық оқушы қатысты. Бұл күн балалар үшін ерекше әрі есте қаларлықтай өтті. Құтқарушылар олар үшін қауіпсіздік ережелерін үйрететін, пайдалы әрі қызықты саяхат ұйымдастырды.

Құтқарушылар балаларды қалалық зообағына апарып, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Саяхат барысында балаларға өрт қауіпсіздігі және өзін-өзі қорғау ережелері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Танымдық викториналар мен сұрақ-жауап арқылы оқушылардың білімі тексеріліп, белсенділік танытқан балаларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар, балалар өрт сөндіру техникаларымен танысып, өрт сөндіру жеңдері арқылы су шашып көру мүмкіндігіне ие болды. Бұл тәжірибе балалар үшін қызықты, әрі әсерлі болды.

Мұндай іс-шаралар балалардың көңілін көтеріп қана қоймай, оларды қауіпсіз өмір салтына баулып, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге септігін тигізеді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері алдағы уақытта да балалардың қауіпсіздігіне бағытталған осындай тәрбиелік іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.