
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерінде ардагерлерге ерекше көңіл бөлінеді. Қарттар айлығы – өмірін өңірді өрттер мен төтенше жағдайлардан қорғауға арнаған жандарға алғысымызды білдірудің тағы бір мүмкіндігі.
Құтқарушылар, өрт сөндірушілер, сондай-ақ департаменттің бөлімдері мен басқармаларының мамандары Ардагерлер кеңесі ұйымдастырған «Қамқорлық – Забота» акциясына белсенді қатысты.
Ардагерлерге алғашқылардың бірі болып Төтенше жағдайлар департаментінің Жоспарлау және жедел басқару орталығының қызметкерлері барды. Олар Алғабас ауылына барып, ұзақ жылдар бойы Төтенше жағдайлар департаментінде еңбек етіп, зейнетке шыққан Кенжебаевтар отбасымен – Тоғай аға және Күлмайра апаймен кездесті. Тоғай аға қызметтің жас буын өкілдерімен жүздескеніне шын жүректен қуанды.
Павлодар ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі мен Департаменттің Азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкерлері ең қарт ардагер Татьяна Ивановна Слепкоға барды. Оған көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріліп, сыйлықтар табыс етілді, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіленді.
Халықаралық қарттар күніне орай Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының қызметкерлері ДЧС ардагері Адхам Фахрудинович Габдуллинді құттықтады. Ол 1990 жылы облыстық төтенше жағдайлар басқармасында аумақ пен халықты қорғау бөлімінің бас маманы болып еңбек жолын бастаған. Кейін төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінде қызметін жалғастырды. 2003 жылы құрметті демалысқа шықты. Қызмет жылдарында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен, сондай-ақ облыс және қала әкімдерінің марапаттарымен бірнеше рет марапатталған. Бүгінде де ардагер қызметтің жұмысына қызығушылық танытып, ведомстволық газеттерді әкеліп тұруды сұрайды және Департаменттің қызметін жіті бақылап отырады.
Департаменттің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері өрт сөндіру қызметінің ардагерлері Анатолий Георгиевич Полтавский мен Галина Ивановна Унгурянның үйлеріне барды. Олардың өрт сөндіру қызметіндегі еңбек өтілі 30 жылдан асады. Анатолий Георгиевич өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, ал Галина Ивановна кадрлар бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеген. Ардагерлер бұрынғы әріптестерін жылы қарсы алып, көрсетілген көңіл мен қамқорлық үшін алғыстарын білдірді. Кездесу барысында қызметкерлер ардагерлерге қазіргі кездегі жұмыс барысы және алдағы жылыту маусымына дайындық туралы айтып берді.
Павлодар қаласында Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасының қызметкерлері Вера Ивановна Рябинчик пен Люсия Адамовна Ткаченкоға барды. 86 жасқа қарамастан, Вера Ивановна өмірге деген сүйіспеншілігі мен оптимизмін сақтап келеді. Ал биыл ауыр сынақты бастан өткерген Люсия Адамовна қызметкерлерді ерекше ықыласпен қарсы алды.
Кадр және тәрбие жұмысы басқармасының қызметкерлері ардагер Жарлыгап Смағұловты құттықтады. Ол ұзақ жылдар бойы Ленинский кентіндегі, қазіргі Атамекен ауылындағы №33 өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарған. Бүгінде ол 87 жаста, алайда әлі де белсенді және ардагерлер қатысатын іс-шаралардың ешқайсысын жібермейді. Ол ұзақ өмір сүруінің сырын күнделікті еңбек пен үнемі қозғалыста болудан көреді.
Аудандарда Төтенше жағдайлар бөлімдері мен өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері ардагерлерге аула аумақтарын жинастыруға және шаруашылық жұмыстарын орындауға көмектесті.
Барлық ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық-береке тілініп, Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті Ардагерлер кеңесінің атынан сыйлықтар мен материалдық көмек табысталды.
Айлық аясында қарт және жалғыз тұратын ардагерлердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Өйткені ардагерлер – біздің баға жетпес байлығымыз, тарихымыз және қызметке деген адалдықтың жарқын үлгісі.