Кәсіби шеберлік тәжірибе арқылы қалыптасады

Кәсіби шеберлік тәжірибе арқылы қалыптасады

     Павлодар облысының ТЖД-да қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға және қызметтік міндеттерді орындау кезінде қажетті дағдыларын жетілдіруге бағытталған практикалық сабақтар тұрақты түрде өткізіледі.

          Кезекті практикалық сабақ ҚР ТЖМ Азаматтық қорғау академиясының Оқу орталығында бастапқы кәсіптік даярлықтан өткен қызметкерлермен ұйымдастырылды. Сабақты өткізуге тәжірибелі қызметкерлер мен тәлімгерлер қатысты.

          Сабақтардың негізгі мақсаты – теориялық білімді практика жүзінде бекіту, арнайы өрт-құтқару техникасымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру және жас қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайындығын арттыру.

Сабақ барысында қызметкерлер бөлімшелердің жарақтануында тұрған арнайы өрт-құтқару техникасы мен жабдықтарымен танысты. Жеке құрам қол өрт сатысын орнату және оған жеңдік желісі мен өрт оқпаны жалғанған күйде көтерілу, зардап шеккен адамды құтқару арқанының көмегімен түсіру және өзін-өзі құтқару, гидроэлеватор Г-600 көмегімен су көзінен су алу, арнайы құралдың көмегімен есіктерді ашу, сондай-ақ түтін басқан ортада тыныс алу аппараттарымен жұмыс істеу бойынша практикалық жаттығуларды орындады.

          Мұндай сабақтарды тұрақты өткізу алынған білімді бекітуге, практикалық даярлық деңгейін арттыруға және қызметтік міндеттерді орындау кезінде сауатты әрі үйлесімді әрекет етуге қажетті сенімді дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жас қызметкерлерге тәжірибелі әріптестердің практикалық тәжірибесін беру мен тәлімгерлікке ерекше көңіл бөлінеді. Бұл тәсіл жеке құрамның кәсіби қалыптасуына және бөлімшелердің қойылған міндеттерді орындауға жоғары деңгейдегі әзірлігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.