Баянауыл ауданындағы табиғи өрт оқшауланды

Баянауыл ауданындағы табиғи өрт оқшауланды

          Қазіргі уақытта Павлодар облысының Жанатлек ауылдық округі аумағында және Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өртті толық сөндіру жұмыстарының жекелеген учаскелерінде күштер мен құралдар жұмылдырылуда.

          Өртті сөндіру жұмыстары таулы жер бедерінің күрделілігіне және жекелеген учаскелердің қолжетімсіздігіне байланысты қиындауда. Сонымен қатар екпінді жел өрттің таралу қаупін арттырып, жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды талап етеді.

          Өртті сөндіруге ТЖМ, «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекетінің, БМҰТТП, «Ертіс орманы» қызметкерлері, Баянауыл ауылының ерікті жасақтары, сондай-ақ екі тікұшақтан тұратын 100-ге жуық адам мен 35 техника жұмылдырылған.

          Барлық тартылған бөлімшелердің іс-қимылын жедел басқару және үйлестіру мақсатында оқиға орнында жедел штаб құрылды. Құтқарушылар өрт ошақтарын толық сөндіру және оттың одан әрі таралуына жол бермеу бойынша қажетті шараларды жалғастыруда.