ТЖМ басшысы Павлодар облысының Жасыбай көлінде жаңа құтқару капсуласын ашты

ТЖМ басшысы Павлодар облысының Жасыбай көлінде жаңа құтқару капсуласын ашты

  Павлодар облысы Баянауыл ауданының Жасыбай көлінің жағалауында жаңа модульдік құтқару капсуласы ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, ТЖД қызметкерлері мен азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты. Жағалауда 50-ден астам демалыс орны орналасқан. Шомылу маусымында мұнда күн сайын мыңдаған турист демалады.

  Жаңа нысанның басты артықшылығы оның тікелей су жағасында орналасуында. Бұған дейін көлдегі қауіпсіздікті Баянауыл ауылының құтқару бөлімшесі қамтамасыз еткен. Енді қызметкерлер курорттық аймақта тұрақты кезекшілік атқарып, оқиға орнына жедел жетіп, жағалаудағы жағдайды күн сайын бақылауға мүмкіндік алды. Жоба жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

  Капсулада кезекшілік бөлмесі, демалыс бөлмесі, тамақтануға арналған орын және санитарлық-тұрмыстық бөлме жабдықталған. Оның жанында техникаға арналған ангар мен бейнебақылау камералары орнатылған құтқару мұнарасы орналасқан. Камералардан түсетін бейне бөлімшенің пультіне беріледі. Құтқарушыларға жедел-құтқару автомобилі, қайық, байланыс құралдары және қажетті құрал-жабдықтар берілді. Бөлімшенің штатында 10 адам бар, күн сайын кезекшілікке кемінде екі қызметкер шығады.

  Салтанатты шара барысында Шыңғыс Әрінов құтқарушыларға капсула мен жедел-құтқару автомобилінің кілттерін табыстады. Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және жобаны іске асыруға қосқан үлесі үшін бөлімше қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың өкілдері ТЖМ ведомстволық наградаларымен және облыс әкімінің наградаларымен марапатталды. Жаңа капсула профилактикалық жұмысты күшейтіп, өңірдегі ең танымал туристік нысандардың бірінде демалушылардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.