
Ресей Федерациясының Новосибирск облысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері қатысқан шекара маңындағы аумақта табиғи өрттерді сөндіруге арналған бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті. Қазақстан Республикасы тарапынан оқу-жаттығуға Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – шекара маңындағы аумақтарда табиғи өрттер туындаған жағдайда бөлімшелердің бірлескен іс-қимылдарға дайындығын тексеру, сондай-ақ трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою кезінде мемлекетаралық өзара іс-қимылды жетілдіру болды.
Практикалық кезең барысында қатысушылар жедел ақпарат алмасу алгоритмдерін, бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру, күштер мен құралдарды басқару, сондай-ақ табиғи өрт ошақтарын оқшаулау және жою тәртібін пысықтады. Сонымен қатар төтенше жағдайларды жоюға тартылатын жеке құрамның, өрт сөндіру техникасы мен жабдықтардың мемлекеттік шекарадан барынша жедел өту тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Осындай оқу-жаттығуларды өткізу Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының төтенше жағдайлар қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге және шекара маңындағы аумақтарда табиғи өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға тиімді ден қоюға дайындық деңгейін арттыруға ықпал етеді.